Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Жоғары білім беру қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиналыс өтті.

Университеттің Басқарма төрайымы-ректоры Сәуле Жәдігерқызы Рахметуллина жиналғандарға құттықтау сөз арнап, ұстаздар мен ғалымдардың еңбегінің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ ШҚТУ-дың қазіргі кезеңдегі даму қорытындыларын таныстырды. Негізгі жетістіктер қатарында – халықаралық ынтымақтастықты нығайту, ұлттық және шетелдік жобаларға сәтті қатысу, CDIO білім беру стандарттарын енгізу, оқу процесін цифрландыру және өңірдің индустриялық кәсіпорындарымен серіктестікті кеңейту бар. Өз сөзінде ректор университеттің алдағы стратегиялық даму бағыттарын да айқындады: ғылыми зерттеулерді тереңдету, халықаралық стандарттарға сәйкес білім беру сапасын арттыру, әлемдік рейтингтердегі бәсекеге қабілеттілікті күшейту, кампусты дамыту, студенттер мен жас ғалымдардың бастамаларын қолдау.

Шығыс Қазақстан облысы әкімі атынан құттықтау сөзді облыс әкімінің орынбасары Ербол Жолдасбекұлы Нұрғалиев жолдады. Ол Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында білім мен ғылымды дамыту стратегиялық басымдық ретінде белгіленгенін атап өтті. Осы тұрғыда Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың рөлі айрықша зор – университет инженер мамандарды даярлау орталығы, инновациялардың драйвері және өңір мен ел экономикасы мен ғылымының дамуына ықпал етуші маңызды фактор болып табылады. Сондай-ақ университеттің сенімді әрі ұзақ жылғы серіктесі «Kazzinc» компаниясының атынан да құттықтау айтылды.

Салтанатты рәсім аясында университеттің үздік оқытушылары мен қызметкерлері құрметті марапаттар мен алғыс хаттарға ие болды. Олардың арасында: «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, «Ғылым үздігі» құрмет дипломдары, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары, ШҚО әкімдігінің алғыс хаттары, университет ректорының алғыс хаттары, ШҚО Кәсіподақ ұйымының құрмет грамоталары мен төсбелгілері болғаң.

Мерекелік көңіл-күйді концерттік бағдарлама толықтырды. Ерекше сый ретінде ардагерлердің, түлектердің, шетелдік оқытушылар мен студенттердің университет қауымдастығына деген ризашылығын білдірген бейнеқұттықтауы ұсынылды.

Бұл іс-шара жоғары білім беру қызметкерлерінің асыл миссиясын мойындаудың айқын символына айналды. Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Шығыс Қазақстан мен тұтас еліміздің болашағына зор үлес қосып келе жатқан жетекші білім беру және ғылыми-инновациялық орталық ретінде сенімді дамуын жалғастыруда.