Университеттің Ғылыми кеңесінің кезекті отырысында ЖОО-ның корпоративтік мәдениетін қалыптастыру мәселесі қаралып, стратегиялық даму бағдарламасын жүзеге асыру туралы аралық есеп тыңдалды.

Бірінші проректор Сәуле Рахметуллинаның айтуынша, корпоративтік мәдениет университет дамуының ажырамас бөлігі болып табылады. Биылғы, келер жылдарға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін университет мәдениетін, құндылықтарды айқындау маңызды. Сол себепті, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының құндылықтары талданды.

- Құндылықтар қарапайым қызметкерлерге де, профессорларға да түсінікті болуы қажет. Біз осы құндылықтарды талқылауымыз керек. Егер корпоративтік мәдениеттің рөлі туралы айтатын болсақ, оның функциялары нормативті-реттейтін, танымдық және тағы басқа бағыттарға бөлінеді, – деді бірінші проректор.

Сонымен қатар, ШҚМТУ-дың KPI жүйесінде көрсеілген индикаторларын жүзеге асыру мәселесі сөз болды. Еске сала кетейік, елімізде университеттердің нәтижелі жұмысы 11 критерий бойынша бағаланады. Соның ішінде білім алып жатқан шетелдік студенттердің үлесі, оқытушылардың тіл білу деңгейі, жастардың ағылшын тілінде білім алуы, жалпы студенттердің саны сынды өлшемдер бар. 2019 жылы мектеп бітірген 11 сынып оқушыларының саны 2018 жылмен салыстырғанда азайды. Биыл да кему байқалады деген болжам бар. Сондықтан, колледж тәмәмдаған жастардың KTA тапсырмай ЖОО түсу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Бұл мемлекеттік тапсырысты орындап, студенттердің санын көбейтуге көмектеспек.

Отырыс қорытындысы бойынша университет қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды шешімдер қабылданды.