Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күніне орай төтенше жағдайларға дайындық бойынша ауқымды оқу-жаттығу өтті. Биылғы жылғы тақырып - «Азаматтық қорғаныс - халық қауіпсіздігінің кепілі».

Оқу-жаттығу барысында «Зілзала және эвакуация кезіндегі іс-әрекеттер» атты арнайы жаттығу ұйымдастырылды. Бұл шараның мақсаты - жер сілкінісі жағдайында студенттер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, эвакуациялық іс-шараларды нақтылау және барлық құрылымдық бөлімшелердің үйлесімді жұмысын қалыптастыру.

Жаттығу барысында әр мектеп пен құрылымдық бөлімше өзіне белгіленген бағыт бойынша ғимараттан эвакуацияланып, белгіленген қауіпсіз аймаққа жиналды. Университеттің барлық корпустары үшін эвакуациялау жоспарлары алдын ала дайындалып, нақты бағыттар көрсетілді.

ШҚТУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Асия Хасенқызы оқу-жаттығу қорытындысын сараптап, қатысушылардың дайындық деңгейін жоғары бағалады. Ол мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтіп, төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету арқылы адам өмірін сақтауға болатынын баса айтты.

Шығыс Қазақстан техникалық университеті болашақта да азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша осындай тәжірибелік шараларды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.