2025 жылғы 11-15 наурыз аралығында Достық үйі - Қоғамдық келісім орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, ерекше жастар сайысы - «Үлкен Студенттік Ассамблея ойындары» өтті. Бес күнге созылған жарыстар спорттық және интеллектуалдық сайыстарды қамтып, студенттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.

Аталмыш іс-шараға үш университет пен төрт колледждің студенттері қатысты, атап айтар болсақ, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Қазақстан-Американдық еркін университеті және Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі, «Халық әртістері» ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесі» КМКК, «Квансон» Қазақстан-Корей колледжі, «Өскемен жоғары медициналық колледжі» ШЖҚ КМК. Сондай-ақ, Ассамблея жастарынан құралған команда да сайысқа қатысты.

Жастар - қоғамның ең белсенді бөлігі, ал олардың бір-бірімен қарым-қатынасы мен өзара түсіністігі ел болашағына тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Үлкен Студенттік Ассамблея ойындары» тек бәсеке алаңы ғана емес, студенттердің мәдени байланысын кеңейтетін, жаңа таныстықтарға жол ашатын маңызды платформа болды.

Қатысушылар бес күн көлемінде ерлер мен қыздар арасындағы командалар болып, түрлі спорттық жарыстарға (жүзу (25 м, еркін стиль), волейбол және футзал) қатысып, күш сынасты. Сондай-ақ, командалар «Этногейм» және «Этноквиз» сияқты интеллектуалдық сайыстарда Қазақстан халықтарының тарихы, мәдениеті мен дәстүрлері бойынша, этникалық әртүрлілікке қатысты білімдерін көрсетті. Бұл ойындардың басты мақсаты - мәдениетаралық қарым-қатынасты дамыту, командалық рухты нығайту, жастарды салауатты өмір салтына бейімдеу.

Спорт пен білім, мәдениет пен ынтымақтастық тоғысқан, жастардың бойында жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан «Үлкен Студенттік Ассамблея ойындарының» жарысы 11 наурыз күні салтанатты түрде ашылып, 15 наурыз күні салтанатты жабылу рәсімімен аяқталды. Үздік командалар мен жеңімпаздар марапатталып, оларға медальдар, алғыс хаттар және сый-сияпаттармен қатар кубоктар табысталды.

«Үлкен Студенттік Ассамблея ойындары» - бұл жастардың дамуына, достық қарым-қатынас орнатуына және өз әлеуетін ашуына арналған ерекше алаң болды. Мұндай жобалар еліміздің бірлігі мен тұрақтылығын нығайтуға, жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға және олардың қоғамдағы рөлін күшейтуге ықпал етеді. Сондықтан, бұл ойындарға қатысу - әрбір студент үшін ерекше тәжірибе болмақ.

Іс-шараға қатысып, университеттің намысын қорғаған Студенттік Ассамблея ұйымының студенттеріне зор алғысымызды білдіреміз!