2 қазанда Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде бірінші курс докторанттарына арналған ұйымдастыру жиналысы өтті. Кездесуге Басқарма мүшесі – ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Ж.Т. Конурбаева, докторантура білім беру бағдарламаларының жетекшілері, мектеп декандары, жетекші ғылыми қызметкерлер, сондай-ақ білім беру және ғылыми-зерттеу қызметін сүйемелдейтін университеттің құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.
Кездесуді ашқан Ж.Т. Конурбаева докторанттарға құттықтау сөзін арнап, алдағы оқу кезеңі мен ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі бағыттарына тоқталды. PhD даярлау тек білім беру бағдарламасын меңгерумен шектелмейтініне, сонымен қатар дербес зерттеу траекториясын жүйелі түрде қалыптастыруды, ғылыми қызметке жауапкершілікпен қарауды және белгіленген академиялық талаптарды сақтауды көздейтініне ерекше назар аударылды.
Ғылыми-зерттеу жобаларын сүйемелдеу офисінің жетекші ғылыми қызметкері Е.Н. Иващенко қатысушыларды Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-да философия докторларын (PhD) және бейіні бойынша докторларды даярлаудың құжатталған рәсімімен таныстырды. Баяндама барысында докторантурада оқудың негізгі кезеңдері, докторанттардың жеке істерін қағаз және электрондық форматта қалыптастыру тәртібі, қажетті құжаттарға қойылатын талаптар, сондай-ақ докторанттарды аттестаттау рәсімі қарастырылд
Білім беру процесін ұйымдастыру мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Академиялық қызмет департаментінің Студенттерге қызмет көрсету орталығының жоғары санатты маманы Ш.К. Бланова докторанттың жеке оқу жоспарын қалыптастыру тәртібін және оның мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды түсіндірді. Сондай-ақ қатысушыларға жеке жоспарды уақтылы орындаудың және оқудың барлық кезеңдерінде белгіленген мерзімдерді сақтаудың маңыздылығы ескертілді.
Кездесудің маңызды бағыттарының бірі жас зерттеушілердің жарияланымдық белсенділігі болды. ШҚТУ ғылыми журналдарының үйлестірушісі С.Р. Байгереев университеттің ғылыми басылымдарында зерттеу нәтижелерін жариялау мүмкіндіктерін таныстырды: Central Asian Transactions on Materials Structure and Properties, EKTU Journal of Engineering Sciences, EKTU Journal of Information and Communication Sciences және EKTU Journal of Architectural and Construction Sciences. Докторанттарға журналдардың негізгі тақырыптық бағыттары мен ғылыми мақалаларды дайындауға қойылатын талаптар туралы ақпарат берілді.
Кездесу соңында Ғылыми-зерттеу қызметі департаментінің Ғылыми-зерттеу жобаларын сүйемелдеу офисінің басшысы О.К. Денисова диссертациялық зерттеулерді орындау барысында ғылыми әдеп пен академиялық адалдық қағидаттарын сақтау, сондай-ақ оларды бұзғаны үшін жауапкершілік мәселелеріне тоқталды. Ұйымдастыру кездесуі докторанттарға оқудың алғашқы кезеңінен бастап білім беру және ғылыми-зерттеу қызметіне, жарияланымдық белсенділікке және диссертацияны даярлауға қойылатын талаптар жөнінде жүйелі түсінік алуға, сондай-ақ университет мамандарына өздерін қызықтырған практикалық сұрақтарын қоюға мүмкіндік берді.