Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде көрнекті қазақ жазушысы әрі мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевтың қайта басылып шыққан «Елең-алаң» тарихи романының таныстырылымы өтті. Іс-шара аясында университетке кітаптың 70 данасы табысталды. Бұл шара Қазақстанның әдеби мұрасын сақтауға, ұлттық әдебиетті дәріптеуге және жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған жалпыұлттық бастаманың бір бөлігі болды.

«Елең-алаң» романы Әбілқайыр хан дәуіріне және қазақ халқының тарихи даму жолын айқындаған тағдыршешті оқиғаларға арналған. Шығармада көшбасшылық, халық алдындағы жауапкершілік, ұлттық бірлік және тарихи таңдау мәселелері терең ашылады. Романмен танысу жас ұрпаққа ел тарихын, мәдени құндылықтарын және тарихи шешімдердің қоғам болашағына ықпалын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Романның қайта басылып шығуы Банк ЦентрКредиттің қолдауымен қазақ әдеби мұрасын сақтау және кеңінен насихаттау жөніндегі ауқымды жоба аясында жүзеге асырылды. Кітаптың жалпы таралымы 8 100 дананы құрады, оның 110 данасы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне, 100 данасы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына табысталды, ал қалған даналары еліміздің жоғары оқу орындарына таратуға арналған. Бұл бастама ұлттық мәдениетті қолдау және жастардың отандық авторлардың шығармаларына қолжетімділігін кеңейту жолында мемлекет, бизнес және білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ үшін мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Университет жоғары білікті инженерлерді, зерттеушілерді және технологиялық кәсіпкерлерді даярлаумен қатар, студенттердің жан-жақты дамуына, тарихи санасын, сыни ойлау қабілетін қалыптастыруға және ұлттық мәдени мұраға құрметпен қарауына ерекше көңіл бөледі. Табысталған роман даналары білім алушылардың Әбіш Кекілбаев шығармашылығымен және Қазақстан тарихының маңызды кезеңдерімен жақынырақ танысуына қосымша мүмкіндік береді.

«Елең-алаң» романының таныстырылымы мен 70 данасының табысталуы мәдени мұраны сақтау және рухани құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізу жолында білім беру қауымдастығы мен әлеуметтік жауапты бизнестің күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын айқындады. Университет жастардың зияткерлік және мәдени әлеуетін дамытуға бағытталған бастаманы қолдағаны үшін Банк ЦентрКредитке алғыс білдіреді.