2025 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Осы уақыт аралығында Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Ассамблеяның институционалдық әлеуеті нығайып, ұйым жетекшілері мемлекеттік шешім қабылдау үрдісіне және реформаларды ілгерілетуге белсене араласа бастады, осының негізінде, Ассамблея жаңаша бағытта жұмыс істеуді қолға алды.
Бұған дәлел ретінде, 2024 жылғы 11 қазанда М. А. Әзілхановтің төралығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің нәтижесінде, барлық өңірлердегі жоғары оқу орындарында Қазақстан халқы студенттік Ассамблеяларын құрудың маңыздылығына баса назар аударылды.
Осыған орай, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің студенттерімен кездесуге Шығыс Қазақстан облысының «Ассамблея Жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Р.А. Юнусов шақырылды. Іс-шара TEDx кездесу форматында өтті, кездесуде әлеуметтік және жастар саясаты департаментінің директоры Жанабаева Г.Н. модераторлық етті.
Спикер өзінің саналы өмірінің Ассамблеямен байланысты өткенін атап өтті. Сондай ақ, спикер, жастар көшбасшысы ретіндегі тәжірибесімен бөлісті, Достық үйіндегі іс-шаралардың қарапайым қатысушысынан бастап, Ассамблеяның жастар ұйымының басшысына дейінгі жолдан өткенін, өзінің белсенді өмірлік ұстанымының арқасында жергілікті деңгейдегі мәслихат депутаты лауазымын да атқарғандын сөзге тиек етті.
Р.А. Юнусов, Қазақстан халқы студенттік Ассамблеясының міндеттері мен функцияларымен таныстырып, жоспарланған іс-шаралар жөнінде ақпараттар берді. ШҚО бойынша филиалының құрамына өңірдегі университет пен колледж студенттерінің шақырылатынын, жастардың әлеуеті Ассамблеяға жаңа дем беретініне сенімін білдірді.
Кездесу әсерлі диалогтық форматында өтті, студенттеріміз Ассамблея жастары ұйымның қызметіне қызығушылық танытып, кейбіреулері оның белсенді қатысушылары болуға ниеттерін білдірді.