Өскемен қаласында, Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «Қазақстан Республикасының тау-кен өндіруші кәсіпорындарының ғылыми-технологиялық дамуы» тақырыбында екі күндік маңызды ғылыми-техникалық сессия өтті. Бұл шара Қазақстан Республикасының Ғылым және Жоғары Білім Министрлігі мен «Казцинк» ЖШС қолдауымен ұйымдастырылды.

Ғылыми-технологиялық сессияның басты мақсаты - еліміздің тау-кен өндіруші кәсіпорындарының ғылыми-технологиялық даму бағыттарын талқылау, ғылыми әзірлемелерді коммерциализациялау мәселелерін шешу және ғылыми-зерттеу міндеттеріне қатысты стратегиялық сессиялар өткізу. Іс-шараға Қазақстанның және шет елдік 54 жетекші ғалымдары, «Казцинк» ЖШС компаниясының 12 сарапшысы қатысты. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төраға орынбасары Гүльнара Бижанова мен «Қазцинк» ЖШС компаниясының Әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Лазарев Андрей Павлович қатысты.

Шараның шымылдығын ҒжЖБМ Ғылым комитетінің төрағасы Жанкуатов Галимжан Жандосұлы өзінің баяндамасымен ашты. Ол өз сөзінде "ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-мен бірлесіп кенді сілтілеу мәселелері бойынша Балқаш қаласында технологияларын әзірлеу бойынша 3 сессиясына дайындық жүргізуде. Ірі кәсіпорындармен бірлесе жұмыс жасауды жоспарлап отырмыз" деп басып айтты.

Ғылыми-техникалық сессияның алғашқы күні пленарлық мәжіліс өтіп, онда қатысушылар ғылым мен өндірістің қазіргі жағдайы және оның болашағы туралы пікірлерін ортаға салды. «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова "Әрине, біз сенімді түрде айта аламыз, стратегиялық қайта жүктеу механизмдері мен өзара әрекеттесу және ғылым саласын құқықтық база негізінде жетілдіру белсенді фазада. Осы орайда мен Министрлікті және біздің министріміз Саясат Нұрбек мырзаны осы тақырыпта бейжай қалмай аталысқаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Ол ғылымды дұрыс бағытқа бұрып, оны шахталарға, кен орындарына, зауыттар мен фабрикаларға апарып, өз қызметтерін ұсынды. Қ. Сәтпаев айтқандай, "Ғылым мен өндіріс бір-бірінен ажырамас байланыста болуы тиіс!".

Сессия барысында қатысушылар Қазақстанның тау-кен өндірісіндегі ғылыми зерттеулер мен инновациялық шешімдерді талқылады. Өткен жылдары тау-кен өндіруші саласында цифрландыру мен автоматтандырудың маңызы айтарлықтай артқан. Бүгінгі таңда бұл салада жасанды интеллект (AI) және өнеркәсіптік интернеттің көмегімен жұмыс процестерін жетілдіру бойынша жаңа бастамалар жүзеге асырылуда.

Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің басқарма мүшесі-ғылым және инновациялық жөніндегі проректор Конурбаева Жадыра сөзінде, "Бұл орайда университеттің ғылыми зерттеу орталықтары мен «Казцинк» ЖШС компаниясымен тығыз ынтымақтастық орнатылып, көпшілікке пайдалы ғылыми жобалар әзірленуде «Industrial AI» құзырет орталығының маңыздылығын атап өтті. Бұл орталық Шығыс Қазақстанның тау-кен өндірісі үшін маңызды ғылыми және техникалық шешімдерді әзірлеуде маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, университет «Казцинк» компаниясымен бірлесіп, ғылыми жобаларды коммерцияландыру мәселелерін шешіп, жаңа технологияларды өндіріске енгізуде белсенді жұмыс жүргізуде" деп атап өтті.

Екінші күні қатысушылар ғылыми жобалардың прототиптерін әзірлеуге және «Казцинк» ЖШС үшін басым ғылыми жобаларды іріктеуге назар аударды. Қатысушылар өздерінің ғылыми-технологиялық прототиптерін ұсынды, олар сарапшылардың дауыс беруі арқылы бағаланды. Қорытындысында, кәсіптендіру үшін іске асырылатын ТОП-5 ғылыми жобасы таңдалды.

Сессия соңында қатысушыларға сертификаттар тапсырумен бірге, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігі Ғылым комитеті мен «Казцинк» ЖШС сарапшыларының пікірлері ұсынылды. Бұл ғылыми-техникалық сессия Қазақстанның кен өндіру өнеркәсібінде инновациялық шешімдер әзірлеуге және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға үлкен септігін тигізді.

Іс-шараның нәтижесі ретінде, Қазақстанның тау-кен өндіруші кәсіпорындарының ғылыми-технологиялық дамуының жаңа қырлары мен мүмкіндіктері айшықталды.