«Құрылыс» білім беру бағдарламасының магистранттарына арналған магистерлік оқулар «Құрылыс саласындағы BIM-жобалау» ғылыми-практикалық орталығында басталды. Алғашқы баяндаманы Ресейлік ғалым, техника ғылымдарының кандидаты, доцент, Санкт-Петербург мемлекеттік сәулет-құрылыс университетінің металл және ағаш конструкциялары кафедрасының оқытушысы Александр Борисович Шмидт жасады. Оның «Антарктидадағы алғашқы православие шіркеуін жобалау және салу» тақырыбындағы баяндамасында Жердің ең оңтүстік континентіндегі - қатты аяздар мен дауылды желдер басым болатын - қатал климат жағдайында ағаштан қиылып жасалған шіркеудің құрылымдық шешімдері туралы қызықты мәліметтер берілді. Құрылыс 2004 жылы аяқталған, қазіргі уақытта шіркеу жұмыс істеп тұр және ресейлік полярлық станция қызметкерлері орналасқан, жануарлар дүниесін тек қана пингвиндер құрайтын иен жағалауды көркейтіп тұр. Баяндаманың соңында шіркеу құрылысының процесі анимация түрінде көрсетілді.
Магистерлік оқуға қатысқан магистранттар мен оқытушылар баяндаманы қызығушылықпен тыңдап, Алтай қарағайынан салынған бұл бірегей ғимараттың құрылыс технологиясына байланысты сұрақтар қойды.
Оқулар барысында магистранттар өздерінің диссертациялық жұмыстары туралы айтып, оқытушылар зерттеу мазмұнын жетілдіру мен ғылыми деңгейін арттыру бойынша ұсыныстар айтты. Зерттеулердің мамандыққа сәйкестігіне, заманауи жобалау және есептеу әдістерін қолдануға, жасанды интеллект, виртуалды және кеңейтілген шындық элементтерін пайдалануға ерекше көңіл бөлінді.
Ғылым апталығы аясында магистерлік оқуларды осындай форматта өткізу «Құрылыс» білім беру бағдарламасы бойынша магистранттардың көп болуын ескере отырып, тиімді шешім болды.