Университетте академиялық адалдық қағидаттарын қолдау және қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жұмыс отырысы өтті. Оған университет қызметінің негізгі бағыттарына жауапты басшылар мен құрылымдық бөлімшелердің өкілдері қатысты.

Кездесу Қазақстан Республикасының Академиялық адалдық лигасы көшпелі мониторингтік тобының жұмыс қорытындысы бойынша ұйымдастырылып, университетте қалыптасқан тәсілдер мен қолданыстағы тетіктерді кешенді талқылауға мүмкіндік берді.

Бүгінде академиялық адалдық – университеттік мәдениет пен білім сапасын қамтамасыз ету жүйесінің ажырамас бөлігі. Бұл білім беру үдерісіндегі белгіленген талаптарды сақтаумен ғана шектелмейді. Оның негізінде жауапкершілік, ашықтық, объективтілік және этикалық нормаларды сақтау қағидаттарына сүйенген біртұтас институционалдық ортаны қалыптастыру міндеті жатыр.

Осыған байланысты отырыста ШҚТУ қызметінің барлық негізгі бағыттары қамтылды. Қатысушылар білім беру, ғылыми-зерттеу және ұйымдастырушылық қызметтегі академиялық адалдықты қамтамасыз етудің қолданыстағы тетіктерін, құрылымдық бөлімшелердің өзара іс-қимылын және ішкі үдерістерді одан әрі жетілдіру мүмкіндіктерін қарастырды.

Академиялық адалдық қағидаттарын іс жүзінде сақтау, ықтимал бұзушылықтардың алдын алу, білім беру үдерісіне қатысушылардың жауапкершілігін арттыру, студенттер, оқытушылар мен қызметкерлер арасында адалдық мәдениетін орнықтыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Академиялық адалдық лигасының көшпелі мониторинг нәтижелері университет үшін қолданыстағы үдерістерді объективті бағалауға, әрі қарай дамытуды қажет ететін бағыттарды айқындауға және білім сапасын қамтамасыз етудің институционалдық тетіктерін жүйелі түрде жетілдіруге мүмкіндік береді.

Отырыс қорытындысы бойынша академиялық адалдық жүйесін одан әрі дамыту және университет бөлімшелерінің өзара үйлесімді жұмысын күшейту бойынша негізгі міндеттер белгіленді.

ШҚТУ үшін академиялық адалдық – қызметтің жекелеген бағыты ғана емес, білім сапасымен, ғылыми зерттеулер нәтижелерінің сенімділігімен және университетке деген сеніммен тікелей байланысты университеттік ортаның негізгі қағидаттарының бірі.