2026 жылғы 2 қыркүйекте Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде бірінші курс студенттеріне арналған бейімделу апталығы басталды. Ол 4 қыркүйекке дейін жалғасады.

Бейімделу апталығы бірінші курс студенттерін университетпен, оқу үдерісін ұйымдастыру тәртібімен, білім беру ортасымен және ШҚТУ студенттерге ұсынатын мүмкіндіктермен таныстыруға бағытталған.

Алғашқы күн «Университетке қош келдіңіздер!» іс-шарасымен басталды. Студенттер ШҚТУ басшылығымен, мектептер мен университеттің құрылымдық бөлімшелерінің өкілдерімен танысты.

Бағдарлама аясында бірінші курс студенттеріне университеттегі академиялық адалдықтың негізгі қағидаттары, оқу үдерісін ұйымдастыру, пәндерге тіркелу, сабақ кестесін қалыптастыру, электрондық білім беру ресурстары мен студенттік сервистерді пайдалану тәртібі туралы ақпарат берілді. Академиялық ұтқырлық пен халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктеріне, сондай-ақ университеттің әлеуметтік және жастар саясатының негізгі бағыттарына ерекше назар аударылды.

Бағдарлама мектеп декандарымен, кафедра меңгерушілерімен, білім беру бағдарламаларының жетекшілерімен және кураторлармен кездесулермен жалғасты. Бірінші курс студенттері өз мектептерімен және білім беру бағдарламаларымен жақынырақ танысып, оқу үдерісіне қатысты қажетті ақпарат алып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.

Бейімделу бағдарламасының жеке бөлігі университет кітапханасымен танысуға арналған. Студенттер үшін кітапхана ресурстарымен және оқу мен өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерімен танысуға көмектесетін «Кітапханадан өзіңді тап» интерактивті квесті дайындалды.

Сондай-ақ бірінші курс студенттеріне ШҚТУ әскери кафедрасының мүмкіндіктері таныстырылып, оның негізгі қызмет бағыттары мен студенттердің әскери даярлықтан өту ерекшеліктері туралы ақпарат берілді.

Бейімделу кезеңінде студенттердің ағылшын және қазақ тілдерін меңгеру деңгейін анықтау, сондай-ақ Университеттің ішкі тәртіп ережелерін білу деңгейін тексеру мақсатында тестілеу өткізу қарастырылған.

Бейімделу апталығы бірінші курс студенттерінің университет өміріне табысты бейімделуінің алғашқы қадамы болмақ. Ол студенттерге ШҚТУ-дың білім беру ортасымен танысуға, маңызды сұрақтарына жауап алуға және өздерін үлкен университет қауымдастығының бір бөлігі ретінде сезінуге мүмкіндік береді.

ШҚТУ-ға қош келдіңіздер! Бірінші курс студенттерімізге сәтті бастама, жарқын студенттік өмір және жаңа жетістіктер тілейміз!