Қазақстан Республикасындағы, Қырғыз Республикасындағы, Тәжікстан Республикасындағы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Яап Ора (Jaap Ora) ресми сапармен келді.

Сапар барысында мәртебелі мейманға университеттің ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы таныстырылды. Атап айтқанда, «SMART ENGINEERING» құзыреттер орталығы, ақпараттық технологиялар саласындағы құзыреттер мен трансферт орталығы, «VERITAS» құзыреттер орталығы, Қазақ-Неміс ғылым және технология институты (ҚНҒТИ) және университеттің өзге де заманауи құрылымдары көрсетілді. Елші университеттің ғылыми және технологиялық әлеуетін жоғары бағалап, оқу орнының материалдық-техникалық базасына және жүзеге асырылып жатқан жобаларына ерекше қызығушылық танытты.

Кездесу барысында академиялық ұтқырлық, Horizon бағдарламасы аясындағы бірлескен зерттеулер, сондай-ақ ғылыми және білім беру бастамаларын дамыту сынды мәселелер талқыланды.

Университеттің Басқарма төрағасы - ректоры Рахметуллина Сәуле Жадігерқызы Эстонияның әлемдік QS рейтингіне енген жетекші жоғары оқу орындарымен - Тарту университетімен, Таллин техникалық университетімен және Таллин университетімен тығыз серіктестік орнатуға университеттің дайын екенін атап өтті.

«Академиялық беделі жоғары және ғылыми-зерттеу бағытында белсенді жұмыс істейтін университеттермен ынтымақтастық орнату - бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын дамытуға, сондай-ақ озық білім беру тәжірибелерін енгізуге кең мүмкіндік береді», - деді Сәуле Жадігерқызы.

Өз кезегінде елші Яап Ора Эстония университеттері мен Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік білдіріп, университеттің халықаралық білім және ғылым кеңістігіне ашықтығын, серпінді дамуын ерекше атап өтті.

Бұл сапар Эстония мен Шығыс Қазақстан арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтудың маңызды қадамына айналып, стратегиялық әріптестіктің жаңа көкжиектерін ашты.