ШҚТУ делегациясы Қытай Халық Республикасының ежелгі әрі ірі қаласы – Сианьға жасаған жұмыс сапарын атауға болады. Бұл сапар «Бір белдеу – бір жол» жаһандық бастамасы аясында өтті.

Сапардың алғашқы күнінде делегация мүшелері Қытайдың көмір өнеркәсібі саласында көшбасшы саналатын Xian Coal Mining Machinery Co. Ltd кәсіпорнында болды. Бұл – көмір шахталарына арналған жоғары технологиялық жабдықтар мен комбайндар өндіретін жүйеқұраушы зауыттардың бірі. Делегация өндіріс цехтарын аралап, заманауи құрал-жабдықтарды, соның ішінде үздіксіз жұмыс істейтін бұрғылау машиналарын өз көздерімен көріп, компанияның жоғары техникалық әлеуетіне куә болды. Ерекше атап өтерлігі – зауыт қызметкерлерінің 70 пайызы жоғары білімді, оның ішінде 65 пайызы – магистрлік және PhD дәрежесіне ие мамандар.

Кәсіпорынның халықаралық әріптестік бағытындағы жұмысы да ауқымды: ол Үндістан, Түркия, Вьетнам, Ресей, Беларусь сынды елдермен тығыз байланыс орнатқан. Кездесу аясында тараптар магистранттар мен докторанттарға арналған тағылымдамалар, жабдықтар сатып алу және сервистік қызмет көрсету мәселелерін талқылады.

Сапардың үшінші күні де мазмұнды әрі маңызды шараларға толы болды. Атап айтқанда, қытайлық жоғары оқу орындарымен дөңгелек үстел отырысы өтіп, ШҚТУ-да қытайлық студенттерді даярлау мәселелері талқыланды. Кешкісін университет өкілдері Орталық Азия елдерінің қатысуымен өткен кәсіби білім беру бойынша халықаралық конференцияға қатысты. Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан елдерінің Білім министрлігі өкілдері бастаған делегациялар бұл форумға арнайы шақырылды. Конференция барысында «Циньлин шеберханалары» жобасын Орталық Азия елдерінде енгізу мәселесі қозғалып, бұл бастама аймақтық кәсіби білім беру жүйесін жаңғыртуға серпін беретін маңызды жоба ретінде танылды.

ШҚТУ өкілі ретінде форумда баяндама жасаған проректор Асия Хасеновна қатысушыларға университеттің қызметі мен жетістіктері туралы кеңінен мәлімет беріп, Қытай тарапынан ынтымақтастық туралы оң пікірлер мен нақты ұсыныстар алды. Кадрларды бірлесіп даярлау, академиялық ұтқырлық және ғылыми-педагогикалық қызметкерлермен алмасу бойынша келісімдер жасау жөнінде бастамалар көтерілді.

Форумның төртінші күні де қарқынды өтті. ШҚТУ делегациясы «Бір белдеу – бір жол» кәсіби білім беру альянсының 9-шы халықаралық форумының жұмысына белсенді қатысты. Форум барысында қатысушы елдердің министрлік басшылары білім саласындағы стратегиялық бағыттарды жариялап, халықаралық әріптестіктің маңызын атап өтті. Көңіл аударарлық жайттардың бірі – «Циньлин шеберханасы» жобасы аясында құрылыс бөлімшесін марапаттау салтанатының өтуі болды. Бұл жоба – практикалық білім беру, технология алмасу және халықаралық әріптестіктің үйлесімді үлгісі ретінде бағаланды.

Осылайша, ШҚТУ делегациясының Сиань қаласына сапары білім мен ғылым саласындағы форум аясында басталған келіссөздер мен кездесулер келешекте нақты жобаларға ұласып, кәсіби білім беруді дамытудың берік негізін қаламақ.