Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті Еуропалық цифрлық университет альянсының (European Digital UniverCity — EDUC) делегациясын қабылдады. Еуропалық Одақ бастамасы аясында құрылған халықаралық консорциум білім беру, ғылым және академиялық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Еуропа университеттерін біріктіреді.
Делегация құрамына Масарик университетінің, Потсдам университетінің, Печ университетінің және Василь Стефаник атындағы Карпат ұлттық университетінің өкілдері кірді.
Сапар барысында қонақтар ШҚТУ басшылығымен, Жер туралы ғылымдар мектебі деканатының өкілдерімен, оқытушылар құрамымен және докторанттармен кездесті. Қатысушылар халықаралық ынтымақтастықтың перспективаларын, тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін және бірлескен білім беру мен ғылыми-зерттеу бастамаларын іске асыру мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында Жер туралы ғылымдар, геология, география және геокеңістіктік технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Шетелдік әріптестер ШҚТУ-дың негізгі ғылыми бағыттарымен, зерттеу әлеуетімен және заманауи зертханалық инфрақұрылымымен танысты.
Бағдарлама аясында қонақтарға университет зертханалары бойынша экскурсия ұйымдастырылды. Оларға заманауи жабдықтар, жүргізіліп жатқан зерттеулер және ШҚТУ ғалымдарының әзірлемелері таныстырылды.
Сапар «Ақбауыр» тарихи-мәдени кешеніне экскурсиямен аяқталды. Қатысушылар Шығыс Қазақстанның бірегей археологиялық мұрасымен танысты.
Кездесу халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға және Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың Еуропа университеттерімен ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды.