Шемонаиха ауданында өткен білім беру қызметкерлерінің «Барлығына қолжетімді сапалы білім: Даму стратегиясы» атты педагогикалық конференциясында өзекті мәселелердің бірі ретінде Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-мен серіктестігін талқылау және аудан мектептерінде болашақ мамандарды даярлау мәселесі көтерілді. ШҚТУ оқу ісі жөніндегі проректоры, университеттің басқарма мүшесі Машекенова Әсия Хасенқызы баяндамасында мектеп оқушыларының дайындық деңгейін арттыруға және оларды техникалық жоғары оқу орындарына одан әрі қабылдауға бағытталған өзара тиімді ынтымақтастық стратегиясының және «Win-Win» стратегиясының маңыздылығына тоқталды. Сондай ақ мұндай әріптестік оқу үдерісін жақсартып қана қоймай, өңірдің дамуына елеулі үлес қоса алатын жоғары білікті мамандарды даярлауға негіз болатынын атап өтті. Әсия Машекенова өз сөзінде мектеп оқушыларын білім алудың бастапқы кезеңінде инженерлік білім беру бағдарламаларына тарту үшін жағдай жасау қажеттілігіне де тоқталды.
Конференция барысында EKTU Educational Academy желілік инженерлік мектебі мен Шемонаиха ауданының білім бөлімі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл меморандум инженерлік сала мамандарын даярлауға және оқу орындары арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларға жаңа мүмкіндіктер ашады.