Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне Фрайберг тау-кен академиясы техникалық университетінің (Technische Universität Bergakademie Freiberg, Германия) Түсті металлургия және аса таза материалдар институтының профессоры, техника ғылымдарының докторы Александрос Харитос келіп қайтты.
1765 жылы құрылған Фрайберг тау-кен академиясы (TUBAF) Германиядағы ең ежелгі әрі беделді техникалық жоғары оқу орындарының бірі. Университеттің негізгі бағыттары тау-кен ісі, геожаратылыстану ғылымдары, материалтану, энергетика және қоршаған орта мәселелерін қамтиды. TUBAF пайдалы қазбаларды өндіру мен өңдеуді зерттеуде, сондай-ақ табиғи ресурстарды орнықты пайдалануда жетекші орынға ие. Академия әлемдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен және ғылыми-зерттеу институттарымен белсенді ынтымақтастық орнатқан, бұл ғылым мен инновацияны өндірістік тәжірибемен табысты интеграциялауға мүмкіндік береді. Неміс университетінің ғылыми бағыты мен басымдықтары ШҚТУ-дың орнықты даму және озық технологияларды енгізу жөніндегі стратегиялық міндеттерімен тығыз сәйкес келеді.
Профессор Александрос Харитостың сапары аясында университет басшылығы және жетекші ғалымдарымен кездесулер өтті. Тараптар Еуропалық Одақтың бюджеті 95 миллиард еуродан асатын басты зерттеу-инновациялық бағдарламасы — «Horizon Europe» аясында бірлескен ғылыми жобаны әзірлеу және өтінім беру мәселелерін жан-жақты талқылады. Серіктестер өзара ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, өтінімді дайындау кезеңдерін айқындап, еуропалық әріптестерді тарта отырып халықаралық консорциум құру стратегиясын әзірледі.
«Horizon Europe» бағдарламасына қатысу ШҚТУ үшін халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға және университеттің әлемдік ғылыми кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға кең мүмкіндіктер береді. Қол жеткізілген келісімдер университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайтуға, еуропалық озық технологиялар мен зертханаларға қолжетімділікті кеңейтуге, сондай-ақ металлургия, материалтану және орнықты даму саласындағы өзекті міндеттерді тиімді шеше алатын жаңа буын мамандарын даярлауға қажетті алғышарттар жасайды.