Өскемен қаласында облыста алғаш рет «Vipusknik.kz - 2025» республикалық білім көрмесі бастау алды. Бұл айтулы шараға Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Өскемен, Семей секілді ірі қалалардың оқу орындары қатысуда. Көрме Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен білім басқармасының қолдауымен жүзеге асуда.
Білім көрмесінің басты мақсаты - болашақ жастарды кәсіби бағытта дұрыс таңдау жасауға бағыттау, оларды жоғары оқу орындары мен түрлі мамандықтармен таныстыру. Осыған орай, Өскемен қаласының 49 мектебінің 9, 10 және 11 сынып оқушылары көрмеге қатысып, өздерінің болашақ мамандықтарын таңдап, жоғары оқу орындарының мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін білуге мүмкіндік алды. Көрменің ашылуына Шығыс Қазақстан техникалық университеті қатысты.
Бұдан бөлек, білім көрмесі Zoom-конференция арқылы облыстың 189 аудандық мектебінің оқушыларын да қамтыды. Бұл жастар үшін еліміздің түрлі жоғары оқу орындарының мүмкіндіктерімен танысуға зор мүмкіндік туғызды. Әсіресе, қаладан шалғай аудандардағы мектеп оқушылары үшін білім көкжиегін кеңейту, мамандық таңдау жолында дұрыс ақпарат алу - өте маңызды.
Екі күн бойы өтетін бұл көрме жастардың өз болашағын айқындауда көмектесіп, оларға жаңа мүмкіндіктер мен кәсіби бағыттар ұсынып отыр. Білім көрмесі - тек қана жоғары оқу орындарымен танысу емес, сонымен қатар, өз жолын таңдау барысында жас түлектерге дұрыс бағдар беретін маңызды шараның бірі болып табылады.