«Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті» (ШҚТУ) Satbayev University-де өткен Erasmus+ «Edu-Fusion Network for Sustainable Growth (EDUFUSION NSG)» халықаралық жобасы басқармасы кеңесінің бірінші жұмыс жылының (1st Year Management Board Meeting) қорытынды отырысына қатысты. Іс-шараға Қазақстанның жетекші университеттері, ғылыми ұйымдар мен халықаралық серіктестердің өкілдері қатысты. Satbayev University ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректоры Ержан Құлдеев құттықтау сөз сөйледі:

«Ғылым мен білімнің шекаралары мен ұлттары жоқ. Мұндай жобалар өзара түсіністікті нығайтады және жаңа бірлескен жетістіктерге ықпал етеді».

Жоба үйлестірушісі, ENTER ұйымының президенті, профессор Хосе Карлос Квадрадо консорциумның негізгі жетістіктерін атап өтіп, бастаманы іске асырудың бірінші жылының нәтижелеріне аналитикалық шолу жасады. Отырыс барысында қатысушылар бағдарламаны одан әрі дамытудың стратегиялық бағыттарын, қатысушыларды сертификаттауды енгізуді және серіктес елдердегі білім беру процестері сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін Ұлттық мониторингтік комитеттер құруды талқылады.

EduFusion NSG жобасы Еуропа және Орталық Азия университеттерін тәжірибе алмасу, инженерлік және техникалық пәндерді оқытуды жетілдіру, инженерлер үшін кәсіпкерлік құзыреттерді дамыту және оқу бағдарламаларына тұрақты даму қағидаттарын енгізу мақсатында біріктіреді. «Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті» жобаны іске асыруға белсенді қатысуды жалғастырып, өңірдегі инженерлік және инновациялық білім берудің халықаралық орталығы ретіндегі ұстанымын нығайта береді.