Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті (ШҚТУ) жыл сайын дәстүрге айналған, ерекше мәнге ие шара — XII «Жаңа буын» IT-фестиваліне қатысты. Биылғы фестиваль шынымен де жас таланттар үшін таптырмас алаңға айналып, инновациялық жобалар, шеберлік сабақтары мен IT саласындағы байқауларды біріктірген ірі оқиға болды.
Аталған шарада цифрлық дағдыларды дамыту мен жастар стартаптарын қолдауға ерекше назар аударылды. Бұл — әсіресе Шығыс Қазақстан өңірі үшін аса маңызды қадамдардың бірі. Фестиваль аясында бірнеше сектор жұмыс істеді. Атап айтсақ, 1-сектор – «Master fest», 2-сектор – «Junior skills», 3-сектор – «Cluster pro», 4-сектор – «Robotime», 5-сектор – «Болашақ мамандары».
Атап өтетін жайт — «Болашақ мамандары» секторында ШҚТУ ғылыми-зерттеу қолдау көрсетіп келеді. Бұл бағдарлама жас ұрпақтың болашақ кәсіби бағытын анықтауға бағытталған.
Университет ПЦФ жобасы аясында Ұлттық инженерлік білім беру моделін әзірлеп жатыр, мұнда мектептегі білім берудің маңыздылығына ерекше көңіл бөлінеді. Орта білімде алынған білімдер болашақта қажетті құзыреттерді қалыптастыруға негіз болады. Себебі қазіргі еңбек нарығы әртүрлі деңгейдегі — жұмысшы маманнан бастап, зерттеуші-инженер немесе конструктор-инженерге дейінгі — инженерлік бағыттағы білікті кадрларға сұраныс білдіріп отыр.
«Болашақ мамандары» бағдарламасы – бейінді білім беруге жасалған нақты қадам. ШҚТУ аталған бағдарлама аясында Шығыс Қазақстан облысындағы мектептерде бейіндік білім беруді дамытуға ғылыми-зерттеу қолдау көрсетіп келеді. Басты мақсатымыз – оқушылардың әлеуетін ашып, олардың қызығушылығы мен ынтасын анықтай отырып, еңбек нарығының сұранысын ескере отырып, болашақ мамандықты дұрыс таңдауға бағыт беру.
Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ШҚО Білім басқармасы «Болашақ мамандары» бағдарламасын ұсынды. Бұл — жұмысшы мамандықтарын дәріптеу және нақты экономика секторына қажетті білікті мамандарды даярлауда маңызды бастама саналады.