Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында «Инвестициялық жобаларды модельдеу» тақырыбында «Тау-Кен Самрук» ҰТК АҚ инвестиция және экономика бөлімдерінің басшы қызметкерлеріне арналған арнайы семинар ұйымдастырылды. Іс-шараны Университеттің Кәсіби бағдар және мансап орталығы мен Бизнес-мектебі оқу процесін ұйымдастыру және мониторинг бөлімі қолдауымен өткізді.
Семинар бағдарламасы тәжірибеге бағытталған форматта құрылды. Қатысушылар инвестициялаудың теориялық қырларын қарастырумен қатар, ШҚТУ ғылыми зертханаларын және өңірдің жетекші кәсіпорындарын аралады. Атап айтқанда: «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ, «Қазмырыш» ЖШС, «Силумин-Восток» ЖШС және қаладағы су электр станцияларында кәсіби кездесулер өтті. Мұндай іссапарлар тыңдаушыларға өндірістік үдерістермен тікелей танысып, сала өкілдерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Семинардың қорытындысы ретінде тыңдаушылар әзірлеген инвестициялық жобалардың үлгілері қорғалды. Комиссия мүшелері ұсынылған жұмыстардың жоғары деңгейін атап өтіп, қатысушыларға сұрақтар қойып, практикалық ұсынымдар берді.
Салтанатты сертификат тапсыру рәсімі ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Ж.Қонұрбаеваның қатысуымен өтті. Ол қатысушыларды құттықтап, университеттің ұлттық компаниялармен әріптестігінің білікті мамандар даярлауда және жаңа инвестициялық бастамаларды дамытуда маңыздылығын атап өтті.