Халықаралық балалар күніне орай “Ертіс Концертте” ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма Төрағасы Ректор Рахметуллина Сәуле Жәдігерқызы айтулы шараға қатысты.

Университет өкілдері балаларды мерекелерімен құттықтап, дәстүрлі түрде “Үміт” балалан үйінің тәрбиеленушілерімен жолықты.

Шығыс Қазақстан техникалық университетінің қамқорлығына өтіп, түлеп, ел қатарлы азамат болып кеткен “Үміт” балалар үйінің талай ұл қыздары діттеген мақсаттарына жеткен. Айтулы күн тек балалардың емес, жаутаңкөз жандарға қамқор, пана болып жүрген қайсар азаматшалардың, балалар үйі әкімшілігінің де мерекесі.

Мерекенің салтанатты сәтінде балаларға, жасөспірімдерге университет ұжымының құттықтаулары, ізгі тілектері айтылды.

«Үміт» балалар үйінің үздік екі тәрбиеленушілеріне салтанатты түрде грант тағайындалды. Жаңа оқу жылында Чугарина Татьяна Владимировна “Экономика және менеджмент”білім бағдарламасына, ал Иванова Виктория Александровна Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Жоғары ІТ колледжінің “Бағдарламалық қамтамасыз ету” мамандығы бойынша тегін білім алуды бастайтын болады.

Балалар үйімен бұл байланысымыз шектелмек емес. Еріктілеріміз, ұстаздарымыз және ғалымдар түрлі ерекше мерекеде де, жайбарақат күндері байланысын үзбеген. Бүгінгі үміт артқан балалар ертең ел алдында, жоғары оқу орны алдында сыйлы азаматтар боларына сенеміз. Мереке құтты болсын!