21 ғасырдың нағыз қанатты қыздарының бірі, қазақтың мақтанышы Айшолпан Нургайвқызымен кездесудің сәті түсті. Бүркітші қыз, әлемге аты мәлім тұлға, өз еліміздің ғана емес, күллі көшпенді халықтардың абыройын асқақтатқан Айшолпан Шығыс Қазақстан техникалық университетінде студенттермен және жас буын өкілдерімен кездесу өткізді.

Айшолпанның бүркітпен саятшылыққа қалай келгені туралы сұрақтарға жауап берген кездесу барысында оның өмір жолы мен таңғажайып жетістіктері жайлы көптеген тың деректер айтылды. Қаршадай жасында қыран баптауға ден қойған Айшолпан Нургайвқызы 13 жасында тұңғыш рет бүркітші ретінде танылып, әлем жұртшылығына өзін танытты. Шетелдік суретшінің "Бүркітші қыз" атты суреті әлемге тарағаннан кейін, Айшолпан шетелдерде көптеген адамдардың назарын аударды. Оның өмірі мен ерлігі жайлы «The Eagle Huntress» атты фильм түсірілді. Бұл фильм әлемнің 30 елінде көрсетіліп, 2015 жылы «Оскар» сыйлығының шорт-парағына кірді.

Кездесу барысында Айшолпан өзінің ұлттық спорт түріне қалай келгенін, ата кәсіптің жалғасы болуын, әрі бұл жолдың әрбір қадамының оған қандай қиыншылықтар мен қызықтар әкелгенін баяндап берді. Ол бүркітшілік жолды мақсатты түрде таңдағанын және алғаш рет бүркіт баптауды 8 жасында бастағанын айтты. Отбасында да бүркітшілікпен айналысатын адамдар бар екені белгілі болды. Айшолпанның әкесі мен атасы да осы саланың мамандары, ал өзі сол дәстүрді жалғастырып, қазақ халқының құсбегілік өнерін жаңа деңгейге көтеріп отыр.

Кездесу барысында студенттер Айшолпанға көптеген сауалдар қойды. Оның ішінде ең көп сұралғандары - бүркітшіліктің қиындықтары мен қызықтары, қырандармен жұмыс істегенде қандай ерекше жағдайлар болды деген сұрақтар болды. Айшолпан өзінің бүркіттерімен байланысты көптеген естеліктерімен бөлісті. Әсіресе, оның алғашқы бүркітін баптау кезіндегі қиыншылықтары мен алғашқы жеңістерін айта келіп, жастарға қайсарлық пен еңбекқорлықтың, сондай ақ уақыттарын ұтымды пайдаланудың маңыздылығын жеткізді.

Сондай-ақ, Айшолпан әлемнің ең беделді оқу орындарынан шақыртулар алғанымен, шетелге оқу үшін кетпей, өзінің туған жері - Бозанбай ауылында қалуды жөн көргенін атап өтті. Бұл оның өз еліне деген махаббаты мен патриоттығын көрсетеді.

Қонаққа келген жастар өздері үшін жаңа мотивация алып қайтты. Айшолпанның әрбір сөзі, әрбір қадамы - батырлықтың, ерліктің, ұлттық мұраны сақтаудың белгісі. Өзінің өмірін оқып-үйрену, әр жетістігінен сабақ алу жастар үшін үлкен мектеп болды.

Сонымен қатар, Айшолпан университеттің студенттеріне ерекше мотивация беріп, олардың алға қойған мақсаттарына жетуде ешқашан тоқтамауларын тіледі. Бүркітші қыздың өмірі мен еңбегі, оның қайсарлығы мен қажырлы жұмысы көпшілікті қанаттандырды. Жастар Айшолпанның ерлігін үлгі тұтып, өздері де биік мақсаттарға ұмтылатындарын жеткізді.

Кездесу соңында университет басшылығы Айшолпанға өзінің шығармашылығы мен еңбек жолындағы жетістіктеріне байланысты арнайы сыйлықтар табыс етті. Бұл кездесуде айқын болғаны - Айшолпан Нургайвқызы тек бүркітші ғана емес, қазақ халқының мақтанышы, оның ұрпақтарына үлгі болар тұлға екені сөзсіз.